Жарықтық ғаламтор арқылы ағайын-туыс, дос-жаранды насихаттайтын сыбайластық ниетім қайта қалам алдырды. Осы жолы басқаны емес, күйеуімнің жаңа өлеңдерін жариялауға бел байладым. Керекинфода бұған дейін де Руслан Нұрбайдың өлеңдері қызу пікірталасқа өзек болған. Дау тудырған «Әріп пен ұғым» атты өлеңін Руслан 19 жасында шығарыпты. Албырттығына қарамастан жаңа форматта туған бұл өлең Русланның поэзиядағы «паспортына» айналды. Жыр жинағы жарық көрмесе де, 25 жасында осы «Әріп пен ұғым» және «Fe-темір» (бұл өлеңнің шығуына менің де үлесім бар, мақтанып қалайын) атты екі өлеңімен Жазушылар Одағына мүшелікке қабылданды. 9 жылдан кейін Жазушылар Одағы мемлекеттік тапсырыспен «Жалын» баспасынан Русланның «Ыстыбұлақ» атты тұңғыш жыр жинағын басып шығарды. Әкесінің жер бетінен жойылып кеткен туған ауылы Русланның кітабының мұқабасында қалды.
«Мен ауыз әдебиеті арқылы танылған ақынмын»,-дейді Руслан. Онысы рас. Русланның жыр жинағы жарық көрместен бұрын, оның өлеңдерін жатқа оқитын оқырманы пайда болды. Өлеңдері әлі күнге ел аузында. Алғаш шыққан жылдары Қарағанды үшін Русланның әр өлеңі құбылыс еді. «Руслан «Тық тық тірлікті» жазыпты», «Руслан «Көк бөріні» шығарыпты», Руслан «Солақай өлеңді» жазыпты» деп өнерсүйер жастар іздеп жүріп тыңдайтын. Қазір бір өлеңі есте қалмайтын ақындарды көрем.
Руслан аз жазады. Сондықтан ба, бұрқыратып жаза беретін ақындарға таң қаламын. Әуелі ой келеді. Сосын оны ұзақ уақыт миында пісіреді. Содан болар, бар өлеңін жатқа біледі. Өлеңдері қағазға түскеннен кейін, біразға дейін оқымай суытады.
Русланның бір ерекшелігі өлеңдерін жан-тәнімен беріліп оқиды. Жүректен шыққанды жүрекке жеткізеді. Қасым Аманжоловқа арналған облыстық мүшайрада Руслан Сәкен театрының сахнасында тұрып «Алтын адам табылды, ауылынан Қасымның!»-деп күркіреп оқығанда бүкіл зал күңіренді. «Мені Қасымның аруағы қолдады, сезіп тұрдым»,-дейді. Шынымен де сол сәтте дауысы ерекше шықты. Сол өлеңді оқығандағы бейнежазба Қаршыға Игенов деген жігітте сақтаулы.
Ал енді Абайша айтқанда, «Көп сөйлеп созбайын». Қасиетті Құрбан айт мерекесінің құрметіне Русланның бір топ өлеңдерін ұсынып отырмын. 19 жыл бұрынғы Руслан мен қазіргі Русланға баға беріңіз.
ТРАНСПЛАНТАЦИЯ
Уа Алла!
Құбыжықты көп көреміз құлдардан.
Жаңылысып бара жатыр бұл жалған.
Ұлылық пен жылылықтан жұлынып,
Құздан төмен құлдырайды құнды арман.
Жуындыға тойып алған «жырынды»,
Жоқ оларда иман, ынсап бұрынғы.
Тілек біреу, тірек сынып кетпесе…
Жүрек те жоқ! Қан айдайтын құрылғы.
Паркте жүр парик киген пәтшағар,
Мәз болады мото мінген «атшабар»
Айырбастауға болады оған барлығын.
Ақша да бар, маска да бар, «каска» бар.
Суреттерден көрсеткендей қыр гүлін.
Пұшық қызға керек боп тұр бір мұрын…
Бағдарлама барлығына бас көз боп,
Тағдырда емес, таблода тірлігің.
Тілім, тілім таңдайыма жабысып,
Өзге тілде ой өзектен жарысып.
Бүйрегім тұр хлор судан тас жиып,
Бауырым жүр у-арақпен алысып.